Түркістан облысында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында аудан және қала әкімдері мен басқарма басшыларының қызметін бағалайтын жаңа жүйе әзірленді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің бастамасымен енгізілетін бұл жүйе 86 негізгі индикаторға негізделген.
Бағалау жүйесі құрылымы бойынша 9 санатқа бөлінген. Оның ішінде 77 индикатор салалық басқармалар ұсынған, ал 9 индикатор облыс әкімінің аппараты тарапынан қосылған. Бұл жүйе мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыруға және өңірлік даму көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған.
Бағалау тәртібіне сәйкес әрбір көрсеткіш бойынша жоспарлы міндеттемелер белгіленеді. Жоспар орындалмаса, ұпай кемиді, ал асыра орындалса, қосымша ұпай беріледі. Экономикалық даму көрсеткіштері ай сайын сарапталады, ал басқа 8 бағыт бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингі тоқсан сайын жарияланады.
Жыл қорытындысы бойынша төмен нәтиже көрсеткен үш әкім мен басқарма басшысының қызметі қаралады. Ал үздік үштікке енгендер ынталандыру шараларына ие болады.
Бұл бағалау жүйесі мемлекеттік басқару сапасын көтеруге, басшылардың жұмыс тиімділігін арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.