Түркістан облысында аудан және қала әкімдіктері мен басқармалардың жұмысын бағалау үшін арнайы рейтингтік жүйе енгізілді. Бұл жүйе мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және өңірдегі экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған.Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында аталған рейтингтің негізгі бағыттары талқыланды. Әкімнің айтуынша, аудан, қала басшыларының қызметі тұрақты бақылауда болады, ал олардың жұмыс нәтижелері арнайы индикаторлар арқылы бағаланады.
Жаңа жүйе бойынша 67 негізгі көрсеткіш қарастырылған, олар 9 блокқа бөлінген. Бұл көрсеткіштердің ішінде өндіріс орындарын ашу, өнеркәсіпті дамыту және ішкі кірістерді ұлғайту мәселелеріне басымдық беріледі. Экономикалық даму индикаторлары ай сайын есептелсе, жалпы рейтинг тоқсан сайын жарияланып отырады.
Жиын барысында мемлекеттік сатып алу процестерінің уақтылы жүзеге асырылуы да сөз болды. Әкім бюджетті тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, артық шығынға жол бермеу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, экономикалық көрсеткіштері төмен аудандар мен мемлекеттік сатып алу саласында кемшіліктер анықталған басқармалар басшыларының есебі тыңдалды.
Мәжілісте Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек пен Түркістан облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Нұрлан Аманқұлов атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жаңа жүйе әкімдіктердің жауапкершілігін арттырып, өңірдегі даму қарқынын үдетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.