Түркістан қаласындағы «Жеңіс саябағында» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Ауқымды акция Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткізілді.
Марафонның негізгі мақсаты – жастар арасында ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ел тарихын ұлықтау, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай соғыс және тыл ардагерлеріне тағзым білдіру.
Шара барысында эстафетаны Қызылорда облысынан арнайы келген делегация Түркістан облысына салтанатты түрде табыстады. Делегация құрамында:
• Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының «Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс және жастар» бөлімінің басшысы Бихожаев Ернұр Бауыржанұлы,
• Қызылорда облысы жастар ресурстық орталығының директоры Басаров Алиби Қайратұлы болды.
Эстафетаны Түркістан облысы атынан Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Ескулов Пердебек Сержанұлы қабыл алды.
Іс-шараның ресми бөлімінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Сейтжанов Нұрсұлтан Маратұлы сөз сөйлеп, бастаманың маңыздылығына тоқталып, ардагерлерге алғыс білдірді. Өз сөзінде ол:
«Бұл – тек символдық эстафета ғана емес, бұл – аманат. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жас ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіру, ерлік пен елдік ұғымдарын терең түсіндіру – біздің басты міндетіміз» — деді.
Шараға облыс әкімдігі өкілдерімен қатар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдары, «Жас сарбаз» қозғалысының белсенділері, қоғам белсенділері мен пікір көшбасшылары қатысты.
Салтанатты жиында ардагерлер сөз сөйлеп, «Ардагер өсиеті» хатынан үзінділер оқыды, жастарға баталарын берді. Марафон шеңберінде ардагерлерге арнайы жеміс себеттері табысталып, естелік суреттер мен бейнероликтер түсірілді.
«Ардагер өсиеті» марафоны маусым-қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірін аралап, өз мәресіне Астана қаласында жетеді. Соңғы нүктеде өсиет хат арнайы қорғалып, елордада сақталатын болады.
