Төлеби ауданына қарасты Екпінді ауылында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, қазақтың ұлттық ойыны көкпардан жарыс өтті, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Елді ынтымақ-бірлікке шақырып, салауатты өмірді насихаттаған спорт додасына Шардара ауданының тумасы, ұлттық спорттың жанашыры, жеке кәсіпкер Виктор Деревянко ұйытқы болып, демеушілік етті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 4,5 млн теңгені құрады.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің бірқатар өңірлері мен Германия, Ресей, Қытайдан келген қонақтар, сондай-ақ облыстың барлық аудан, қалаларынан атбегілер мен шабандоздар және ардагер спортшылар, ауыл ақсақалдары, БАҚ өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты. Көкпарда ас беріліп, киіз үйлер тігіліп, патриоттық әндер шырқалды.
Көкпардың басты ұйымдастырушысы Виктор Борисович өз сөзінде еліміздің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын өзіміздің күн сайынғы қажырлы еңбегімізбен қолдап, қорғап нығайта беру әрбір қазақстандықтың азаматтық міндеті екенін атап өтті.