Түркістан облысында елді мекендерді газбен, сумен, электрмен қамту жұмыстары жалғасуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендерді 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы мақсатта биыл облыс аумағында жалпы 63 ауыз су нысанының құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Соның ішінде, бірінші кезекте 30 елді мекендегі құрылыс жұмыстарын осы жылы аяқтау көзделген. Атап айтқанда, бұл жұмыстармен Келес ауданында 13 елді мекен, Сарыағашта – 9, Ордабасыда – 3, Отырар мен Бәйдібек аудандарында 2 елді мекеннен және Қазығұртта 1 елді мекен қамтылмақ, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен мониторинг жұмыстарының нәтижесін зерделеу бойынша кезекті штаб отырысы өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірде инфрақұрылым жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлермен кездесіп, сын-ескертпелер айтты. Салаға жауапты аудан, қала әкімдерінің орынбасарларының есебін тыңдап, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Әр нысанды жеке қарап шығып, «сақалды құрылыстың» алдын алуды, жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды.

– Жұмысты сапалы, мерзімінде атқара алмасаңыздар, айтыңыздар. Мердігер мекемені ауыстырамыз. Әр істі тиянақты жасап, жауапкершілікпен қарау керек. Мердігер мекемелерге қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға уақыт беремін. Қаржы бөліп отырмыз, жергілікті әкімдіктен қолдау көрсетілуде. Жұмыс күшін арттырыңыздар. Техникалық қадағалаушыларға нысанның басына барып құрылысты тексеруді, сапалы материалдарды қолдануын қадағалауды, кемшіліктер орын алса, шара көруді тапсырамын, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Штаб отырысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев өңірдегі елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары туралы баяндады. Кемшіліктерге жол берген жауапты басшылар мен мердігерлерге жеке тоқталып, қатаң ескерту жасады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында тәртіп сақшылары кофе таратты

Альфия Адамбек

Түркістанда білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

berdaly_oraz

АРЫСТА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОШАРАСЫ АЯСЫНДА ЖАППАЙ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Пікір жазу