Елімізде жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Осыған орай бүгін Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылында «Құрмет» ардагерлер үйі ашылды, деп хабарлайды Arysinfo.kz

Қазыналы қариялардың игілігіне берілген ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
– Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау аса маңызды. Бұл істе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек» деген болатын. Осы ретте, сіздер еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Ал бүгін Қарттар күніне орай облысымызда айрықша қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Жаңадан «Құрмет» ардагерлер орталығы ел игілігіне берілуде. Баршаңызды орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ардагерлерімізді ардақтап, оларды қолдау – біздің парасатты парызымыз. Өңірде осы бағытта жүйелі жұмыс жүруде, – деген Нұралхан Көшеров ардагерлердің еңбектерін жоғары бағалап, құрмет көрсетті.

Ардагерлер орталығының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Ғимараттың ауласы абаттандырылып, арнайы демалыс алаңшалары дайындалды. Бау-бақша жанынан терренкур орнатылып, скандинавиялық серуендеу жолы қарастырылды. Жаңа орталық бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады.


Жалпы бұған дейін облыс ардагерлеріне Шымкент қаласында 1976 жылы салынған ескі ғимарат қызмет көрсетіп келген. Сондықтан «Ардагерлер үйін» облыс аумағына көшіру және заман талабына сай ету мақсатында жаңа ғимарат таңдалды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 200 мыңнан аса зейнеткер бар. Бұл – облыс халқының 10 пайызына жуық. Облыста 100 жастан асқан 51 қария тұрады. Өңірде ардагерлерді қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіліп, майдангерлерге, тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Қариялардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ол мекемелерде 10 мыңнан астам зейнеткер тынығып, уақыттарын тиімді өткізуде. Жыл сайын 8 мыңға жуық қария облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында демалып, денсаулығын түзейді.
Қарттар күніне орай мерекелік дастарқан жайылып, ардагерлер мен зейнеткерлерге концерттік бағдарлама ұсынылды.

Одан бөлек Қарттар күні мерекесін өткізу жөнінде облыс бойынша арнайы «Қариялар – елдің қазынасы» атты іс-шаралар жоспары бекітілді.
