Түркістан облысы Сарыағаш ауданында орын алған алаяқтық іс әділдікпен аяқталды. Жәбірленушінің ақшасы қайтарылып, іс жүргізген тергеушінің кәсібилігі тұрғын тарапынан жоғары бағаланды.
Жергілікті тұрғын аудандық полиция бөліміне алаяқтық дерегі бойынша шағымданған. Оның айтуынша, белгісіз адам әлеуметтік желі арқылы «салған ақшаңды көбейтіп беремін» деп сендіріп, II-топ мүгедек ұлынан 1,5 миллион теңгеге жуық қаражатты алдап алған.
Бұл іс Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Нұрғали Абсенге тапсырылды. Ол жәбірленушінің мәселесін мұқият тыңдап, тергеу амалдарын жіті жүргізді. Тәжірибелі маманның жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында алаяқтық жолмен алынған қаражат толығымен қайтарылды.
Осы жағдайдан кейін жәбірленуші өз ризашылығын білдіріп, полиция қызметкеріне алғыс айтқан бейнежазбасын жариялады. Ол тәртіп сақшысының жедел-іздестіру шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өтті.
Бұл оқиға – Қазақстан полициясының азаматтардың құқықтарын қорғау жолындағы адал қызметінің жарқын көрінісі. Мұндай жауапкершілікті мамандардың еңбегі қоғамда тәртіп пен әділдіктің орнауына ықпал етеді.