Түркістан облысында ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиттері қайта қаралды

Жуырда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістанда 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелеріне арналған отырыс өткізді. Жиынға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, су шаруашылығы ұйымдарының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ аймақтың шаруа қожалықтары өкілдері қатысты.
Кездесуге қатысушылар келесі жылға арналған трансшекаралық судың келу болжамдарын және алдағы суару кезеңінде су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету шараларын талқылады. Шаруаларға су тапшылығы қаупін азайту үшін су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығы және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту қажет екені айтылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Түркістан облысында алдағы вегетация кезеңінде күріш егілетін алқап 3,5 мың гектардан аспауға тиіс. Вице-премьер Ауыл шаруашылығы мен Су ресурстары және ирригация министрліктеріне, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстары әкімдіктеріне жұмыс тобын құруды тапсырды.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Достық» трансшекаралық каналы бойына күріш егуге тыйым салу ұсынысын қолдады. Күрішті тек «Қызылқұм» каналының бойында 3,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологияларын қолдана отырып өсіруге рұқсат етіледі.
Диқандарға ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыруға және көп су қажет етпейтін құрғақшылыққа төзімді дақылдарды өсіруге ерекше көңіл бөлу ұсынылды. Бұл ауыл шаруашылық өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шектеулі су ресурстары жағдайында ауылдық жерлердің тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Суды үнемдеу және заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыру мақсатында ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін көтерілді. Бүгінде Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары 82 мың гектар алқапта қолданылып жатыр, оның 18,7 мың гектарында жаңбырлатып суару, 63,3 мың гектарында тамшылатып суару жүйелері пайдаланылады. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының есептеуінше, су үнемдеу технологияларын қолдану суды 20-30%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бюджеттегі микронесиелер ұсынады.
Қанат Бозымбаев «Ауыл аманаты» жобасын тек қаржылық қолдау механизмі ретінде емес, ауылды экономикалық жаңғыртудың маңызды құралы ретінде қарастыру керек екенін атап өтті. Келесі жылдан бастап ауылдық инфрақұрылымға қаржыландыру жалпы трансферттер арқылы жүзеге асырылады.
Осыған орай «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы барлық инфрақұрылымдық бастама облыстар мен аудандардың даму бағдарламаларына нақты енгізілуі керек. 2026-2028 жылдарға арналған жергілікті бюджеттерді жоспарлау кезінде әкімдіктерге өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерінің төмендеуіне жол бермеу үшін ауылдық инфрақұрылымды қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесі тапсырылды.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Түлкібаста экотуризмді дамытуға бағытталған тың жоба бастау алды

Түркістан: Ордабасыда реновациядан өтіп жатқан мектептер қадағаланады

2026 жылы Қазақстанда 850-ден астам запастағы офицер әскери қызметке шақырылады

Redaktor Arysinfo