Түркістан облысының 60-тан астам ауылы ішімдік сатудан бас тартты

Түркістан облысының 60-тан астам ауылы ішімдік сатудан бас тартты,-деп хабар таратады Arysinfo.kz.

Түркістан облысында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Облыстың 61 ауылы ішімдік сатудан бас тартып, тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға өз үлесін қосуда. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов тұрғындармен онлайн кездесуі барысында мәлімдеді.

Арақсыз ауылдар – қауіпсіздіктің кепілі

Облыстағы Дермене, Табысты, Жаңажол, Нұртас, Мәдениет және тағы басқа ауылдарда алкоголь өнімдері сатылмайды. Бұл бастама жергілікті тұрғындардың қолдауына ие болып, елді мекендерде құқық бұзушылық деңгейін айтарлықтай төмендеткен.

«Бұл ауылдарда соңғы бірнеше жылда қылмыс тіркелмеген, қоғамдық тәртіп пен тыныштық сақталған. Мұндай елді мекендер өзгелерге үлгі болуы тиіс» – деді генерал Мұрат Қабденов.

Қылмыс деңгейі төмендеуде

Түркістан облысында 2024 жылы қылмыстық құқық бұзушылық саны 3,2%-ға азайды. Оның ішінде:

  • Ұрлық – 38,7%-ға,
  • Мал ұрлығы – 43,7%-ға төмендеді.

Сонымен қатар, пәтер ұрлығын жасаған 8 қылмыстық топ, алаяқтыққа қатысы бар 23 топ, мал ұрлығымен айналысқан 16 топ құрықталды.

Қоғамдық қауіпсіздік басты назарда

Онлайн есеп беру барысында тұрғындар қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, алаяқтықпен күрес, мал ұрлығының алдын алу, патрульдік полиция қызметі және бейнебақылау камераларын орнату сынды мәселелерді көтерді.

Тікелей эфир барысында 100-ден астам сұрақ қойылып, барлығына дер кезінде жауап берілді.

Полиция департаменті басшысының айтуынша, тұрғындардың сенімі – құқық қорғау органдарының жұмысының басты көрсеткіші. Мұрат Қабденов әлеуметтік желі арқылы халықпен байланыс орнатқанын және күнделікті түскен сауалдарға жауап беретінін атап өтті. Қазіргі таңда оның жеке парақшасында 13 мыңнан астам жазылушы бар.

Алдағы жоспарлар

Облыс аумағында «Заң мен Тәртіп» қағидаты бойынша бірқатар профилактикалық іс-шаралар атқарылуда. Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бастамасымен 2025 жыл «Профилактика жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары одан әрі күшейтіледі.

Жиын соңында тұрғындар тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Ұқсас жаңалықтар

Легионерлерді бюджеттен қаржыландыру тоқтайды

Альфия Адамбек

Зеленский Украинаның пайдалы қазбаларынан 50 пайызын АҚШ-қа беруден бас тартты

berdaly_oraz

Түркістандағы ел чемпионатында су айдынының иелері ешкімге дес бермеді

Альфия Адамбек

Пікір жазу