Түркістан облысының балалары жыл 12 ай сауықтыру лагерінде демала алады

Түркістан облысының балалары жыл 12 ай сауықтыру лагерінде демала алады. Бұл Президенттің тапсырмасына сәйкес балаларға бағытталған жыл бойғы  лагерьлер идеясы аясында қолға алынды, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Түркістан облысы әкімінің тікелей қолдауымен жүзеге асқан – Төлеби ауданы Тасарық ауылдық округіндегі «Алатау» лагері – әлеуметтік қорғау жүйесінен босаған ғимараттың облыстық білім басқармасының теңгеріміне өтіп, бүгінде сол жерде  жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығының ашылуы өтті.

Алатау» оқу-сауықтыру лагерінде жыл бойы 5 мыңдай оқушының демалып, білім алуына мүмкіндік бар. Лагердің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Білім саласының ардагері Ардақ Мәдіханқызы мен ұстаз, тарихшы, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы сөз сөйлеп, лагердің алғашқы демалушыларына жаз қызығын көңілді өткізулеріне сәттілік тіледі.

– Балалардың жазғы сауықтыру демалысы қызықты, әріп қауіпсіз өтуі – басты назарымызда. Бұл лагерь 300 орынға арналған ғимарат бұған дейін әлеуметтік қызметтер ұсынатын мекемеге қарасты болған. Сауран ауданында жаңа 50 орындық оңалту орталығына көшірілген соң нысанды білім басқармасының теңгеріміне өткізіп, демалыс аймағына айналдырдық. Ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жаңа 270 шаршы метрлі бассейн салынды. Лагерь аумағында асхана, акт және спорт залы, жазғы концерт алаңшасы бар. Материалдық-техникалық базасы түгел жаңартылды. Енді жаз мезгілінен бөлек, өңірдегі үздік оқушылар, спорт пен өнерді облыстың намысын қорғап жүрген балалар жылдың басқа мезгілдерінде де кезең-кезеңімен осында демалуға мүмкіндік алды, – дейді Бейсенбай Дәулетұлы.

Сондай-ақ «Тау барысы» жазғы сауықтыру лагерінде 9 модульді нысан қолданысқа тапсырылды. Бұл лагерь 180 балаға арналған және жаз бойы жұмыс істейді. Заманауи талаптарға сай жабдықталды. Әрбір 20 орынға бір жауапты жетекшіден қарастырылған. Жас буынның жайлы әрі қауіпсіз жағдайда тынығуына барлық мүмкіндік сыйлайды. Лагерьдегі оқушылар ұлттық, спорттық, экологиялық, туристік, танымдық, шығармашылық жалпы барлық бағыттарда дамиды. Түрлі мәдени-рухани іс-шаралар, экспедициялар ұйымдастырылады.

Айта кетейік, биыл балаларға жасалған ерекше қамқорлық – модульді лагерь жобасының қолға алынып, сәтті жүзеге асырылуы.  5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді корпус салынды.  Нәтижесінде, 8 мыңға жуық қосымша орын ашылып, сауықтырудан өтетін балалардың саны артты. Модульді корпустар тау бөктерлерінде, заманауи, әрі санитарлық талаптарға сай, жылдам және тиімді қаражатпен бой көтерді. Модульді лагерь жобасы «Балауса», «Балдәурен», «Тау нұры», «Тау барысы» лагерлерінде қолға алынды. Осы аптада Бәйдібек ауданы  «Тау шыңы» балалар жазғы демалыс лагерінде үшінші маусымның басталуы мен жаңа 10  модульді корпустың ашылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бір ауысымда 200-ден астам баланы қабылдайды. Бұған дейін екі ауысымда оқушылар демалып үлгерді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысының бас полицейі тұрғындарды жеке қабылдады

berdaly_oraz

БАСТЫ МАҚСАТЫМ — АУЫЛ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ

Redaktor Arysinfo

Шымкенттегі «Кәусар» кафесіндегі өрт оқшауланды: штаб құрылып, арнайы техника жұмылдырылды

berdaly_oraz

Пікір жазу