Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелердің өзекті мәселелерін талдау бойынша кезекті мәжіліс өткізіп, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи парк басшысының, Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мекемесінің, Шардара ауданындағы «Орман және жануарлар әлемін қорғау» мекеме басшыларының есебін тыңдады, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи парк басшысы Ақыл Әбдіқадыровтің ұсынған мәліметіне сәйкес, мекеме қарауында 119 949 га. жер бар. Оның 63 569 гектары орманды аймақ. Орман шаруашылығын дамыту үш бөлімше арқылы жүзеге асырылуда. Жалпы теңгерімдегі техника саны 50 болса, оның өрт сөндіруге арналған 2 көлігі жаңартуды қажет етеді. Жыл басынан бері 148 рет рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде 104 заң бұзушылық анықталған. Мекеме басшысы қазіргі таңда парк техникасын толықтыру мен көшеттерді күтіп-баптау үшін арнайы құрылғылар алу қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.
Қазығұртта «Жасыл желек» мекемесі көшет өсіруді үш алқапта іске асыруда. 60 гектар тұқымбақ өткен жылы 950 мың көшет таратса, биылғы жылы көктемде бұл көрсеткіш 180 мыңды құраған. Жыл басынан бері су жүйесі реттеліп, игерілмей келген 14 гектар жер айналымға қосылған. Осы орайда, жұмыс күшін арттыру мәселесі көтеріліп, мекеме басшысы қосымша штат беруді сұранды. Сонымен қатар кеңсеге жаңа ғимарат салу жайын қозғады.
Шардара Орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің басшысы Дулат Сартбаевтың баяндауынша, теңгерімдегі тұқымбақтардан соңғы үш жылда Түркістандағы жасыл белдеуге, Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарына 620 мыңнан астам көшет жөнелтілген. Тұқымбақ аумағының кеңейгенінен мұнда да жұмысшы саны жетіспеуде.
Нұрбол Тұрашбеков көшет өсіруде және аудандарға босату барысында оның жерсінуін басты назарға алу қажеттігін атап өтті. Аудан-қалаларға көшет ұсынуда ауа райы мен топырақ ерекшеліктері ескеріле бермейтініне тоқталды. Мәжіліс барысында мекемелердің кемшіліктері де талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға олқылықтарды жоюға мерзім белгіледі. Мәжіліс қорытындысымен Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына нақты тапсырмалар беріліп, жауаптылар бекітілді.