Төлеби ауданы, Абай ауылында 138 гектар аумаққа 300 мыңға жуық алма көшеті отырғызылған. Көшеттердің барлығы Италиядан жеткізілген, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Алма бауы тамшылатып суғару жүйесімен жабдықталған. Ағын судың мол қорын дайындау үшін баудан 3-4 шақырым биіктікте «Қошқарата» су тоғаны соғылған. Жобаның жалпы құны 1,65 млрд теңгені құрайды. Алма бауының жұмыстарымен ауданға арнайы баспасөз турымен келген БАҚ өкілдері танысты. Шаруашылықта қазіргі таңда алманың Гренни смит (50 мың түп), Айдаред (50 мың түп), Голден делишес (115 мың түп), Гала (50 мың түп) сынды төрт сорты өсірілуде. Шаруа биыл алма өнімдерінен табиғи шырын дайындайтын цехты іске қосуды жоспарлап отыр. Оның қуаты тәулігіне 1 тонна шикі өнімді өндіруге қауқарлы. Жобаның құны — 682,4 млн теңге. Сондай-ақ, шаруа өз қаражаты есебінен жеміс өнімдерін сақтауға арналған
500 тонналық қойма құрылысын аяқтағалы отыр.
Сонымен қатар, журналистер аудан орталығындағы медицина және педагогика саласында 580 балаға білім беретін колледж жұмысымен танысты. Аталған кәсіптік білім беру мекемесі 10 бағытта мамандар даярлайды. Айта кететін жайт, бұл оқу орны жеке қаражат есебінен салынған. Ғимаратты толық аяқтауға 150 млн теңге қаржы жұмсалған.
Сондай-ақ, БАҚ өкілдері Ленгір қаласындағы 5 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жобаның жалпы құны — 2 млрд 79,2 млн теңге. Тұрғын үй — 156 пәтерлі, ал жалпы ауданы — 10 026 шаршы метр. Аталған құрылыс нысанын 2025 жылдың қазан айында пайдалануға тапсыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, журналистер сапар барысында Бірінші Мамыр ауылында орналасқан жылына 43 мың тонна асфальт-бетон өндіретін зауытқа барды. Онда 14 адам жұмыспен қамтылған. Аталған зауыттың жалпы құны — 110 млн теңге.
Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері балмұздақ өнімдерін шығаратын цех жұмысымен танысты. Өндіріс орны 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Онда жылына 3 мың тоннаға жуық балмұздақ, 15 тонна тұшпара шығарылады. Цехта 125 адам жұмыс істейді.