ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА RC COLA БРЕНДІМЕН «BEIBARS BOTTLERS» СУСЫН ӨНДІРЕТІН ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы тағы бір ірі инвестициялық жобамен толықты. Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылында АҚШ-тың әлемге әйгілі RC Cola брендімен жұмыс істейтін «Beibars Bottlers» компаниясының заманауи сусын өндіру зауыты салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіруге маманданған бұл кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді.

Жаңа зауыттың ерекшелігі – заманауи неміс және италиялық технологияларға негізделген өндіріс желілері мен экологиялық таза, көпсатылы су тазарту жүйесі. Мамандардың айтуынша, өндірісте пайдаланылатын су кәсіпорын маңындағы 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынып, жоғары халықаралық стандарттарға сай тазартылады. Бұл судың сапасы АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында арнайы тексерістен өткен дейді.

Жаңа зауыт 100 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – ауыл экономикасының жандануына, тұрғындардың әлеуметтік ахуалының жақсаруына тікелей әсер ететін маңызды қадам. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

 

Ашылу рәсіміне «RC Cola International» компаниясының бас менеджері Фрэнсис Лампера, «Freedom Bank» басқарма төрағасы Гүлфайруз Ахметова, сондай-ақ жобаның идея авторы әрі инвесторы – «Beibars Bottlers» ЖШС құрылтайшысы Амангелді Нұров қатысты. Олар бұл жобаның Қазақстан мен Орталық Азия нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсетінін айтты.


Кәсіпорынға шамамен 9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін сусын өндіре алады. Өнімдер металл және пластик құтыларда шығарылып, Қазақстан нарығынан бөлек, көрші елдерге де экспортталмақ. Жобаны іске асыру аясында ҚР Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулысына сәйкес, зауыттың инфрақұрылымын жеткізу үшін 705 млн теңгеге 6140 метрлік 35 кВ электр желісі мен қосалқы станция салынды. 25 млн теңгеге табиғи газ құбыры тартылып, 240 млн теңгеге кәріз жүйесі мен тазарту қондырғылары орнатылды.


Жаңа өндіріс орны – Түркістан облысының индустриалды-инновациялық даму стратегиясының нақты жемісі. Бұл – импортты алмастыратын, экологиялық талаптарға сай, халықаралық стандарттарға негізделген заманауи өндіріс орны ғана емес, сонымен қатар инвесторлар сенімін арттыратын маңызды жоба.


Зауыттың жалпы аумағы – 5 565 м². Өнім түрлері – RC Cola брендімен шығатын газдалған сусындар, ауыз су және өзге де алкогольсіз сусындар. Экспорт географиясы – Қазақстан мен Орталық Азия.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Мақтаарал ауданы индустриясы қарқын алып келеді

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ӨНДІРІС ДАМИДЫ

Redaktor Arysinfo

АРЫСТА ЭССЕ ЖАЗУШЫЛАР АРАСЫНДА БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Redaktor Arysinfo