ТҮРКІСТАНДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістанда балаларға арналған қалалық оңалту орталығы ресми түрде ашылып, өңірдегі медициналық инфрақұрылым тағы бір маңызды нысанмен толықты. Ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, орталықтың маңызын атап өтті.

Рәсім барысында вице-премьер Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының балалар құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығын жақсарту бағытындағы саясатының жүйелі жалғасы екенін айтты. Оның айтуынша, жаңа орталық ата-аналарға үміт, балаларға сапалы ем мен болашаққа жол ашатын маңызды мекеме болмақ. Бозымбаев орталықта заманауи оңалту әдістері қолданылып, жоғары білікті мамандар қызмет көрсететінін атап өтті.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров те бұл нысанның өңір үшін ерекше мәнге ие екенін жеткізіп, облыста балалар денсаулығын жақсартуға бағытталған бастамалардың жалғасатынын айтты. Әкім Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілген орталықты маңызды әлеуметтік жоба ретінде бағалап, демеуші болған «YDA HOLDING» компаниясына алғысын білдірді.

Орталық «YDA Group.KZ» компаниясының бастамасымен салынып, Түркістан облысына сыйға тартылды. Жобаның құны – 2,7 млрд теңге. 1,56 гектар аумаққа орналасқан ғимараттың жалпы ауданы 2 227 шаршы метрді құрайды. Мұнда 40 стационарлық және 20 амбулаторлық орын қарастырылған.

Медициналық мекеме неврологиялық ауытқулары бар балаларды, сирек (орфандық) аурулары бар науқастарды, ортопедиялық, нейрохирургиялық және кардиохирургиялық оталардан кейін оңалтуды қажет ететін балаларды қабылдай алады. Бұл орталық тек Түркістан қаласына ғана емес, бүкіл облысқа қызмет көрсетеді.

Түркістан облысында 14 жасқа дейінгі 774 мыңнан астам бала бар. Соңғы бес жылда өңірде 300-ден астам әлеуметтік нысан ашылып, балаларға арналған төрт оңалту орталығы мен үш «Қамқорлық» орталығы жұмыс істей бастады. Биылдың өзінде 14 мыңнан астам балаға оңалту көмегі көрсетілді.

Жаңа орталықтың ашылуы – өңірдегі балалар денсаулығын қорғау бағытындағы маңызды қадам. Бұл нысан көптеген отбасы үшін үміт сыйлайтын, баланың өмір сапасын жақсартуға нақты ықпал ететін әлеуметтік жоба болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Төлеби ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай салтанатты жиын өтті

Түркістан облысында дүбірлі көкпар ойыны өтті

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖАЛҒАСТЫ

berdaly_oraz