Түркістанда ерекше балалардың арманы орындалды

Түркістанда үш жыл қатарынан бала арманын орындап жүрген жан барын білесіз бе? Иә, бұл «Армандар орындалады» әлеуметтік жобасының авторы – «Шапағат» медалінің иегері, аяулы ұстаз, көп балалы ана Әсел Бимырзаева. Аталған жоба инклюзивті қоғам құру, ерекше қажеттілігі бар жандарға қолдау білдіру, армандардың орындалатынын дәлелдеу бағытында жүзеге асып келе жатқан маңызды бастама ретінде белгілі. Үш жыл ішінде жоба көптеген игі істерге ұйытқы болып, қайырымдылық пен сенімнің символына айналды.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының үлкен залында үш жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Оған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қоғам белсенділері мен түрлі мекеме мен ұйымдардың басшылары қатысты. Шара барысында «Армандар орындалады» жобасын ұйымдастыруға қосқан қомақты үлесі үшін, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы тарапынан бірқатар ұжым мен қоғам белсенділеріне алғыс хат табысталды.

Қоғамға шынайы жанашырлықпен қызмет етіп жүрген, аталған жобамен қатар «Сен ерекшесің» жобасының авторы әрі жетекшісі Әсел ханым  өз парақшасында алған әсерімен бөліскен екен.

«Айналып кетейін, жүректерінен мейірім жоғалмаған жақсыларым! 3 жылда 700-ден аса ерекше баланы қуантқан әрбіріңізге алғысымды білдіремін! Басында көпшілікке түсініксіз көрінген жобам, мақсатына жеткенше тынбады. Бір ғана баланың #тілек_хатына мән беріп, бала қалауын орындай алғаннан кейін түсінген көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді. Облысымыздың түкпір-түкпірінен түсетін хаттарымыз да біршама. Жобамызға қатысқан ерекше балалардың біразы қабілеттерін көрсетіп, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Демек, біздің мақсатымыздың орындалып, жұмысымыздың алға жылжуы. Жалпы жобам туралы шақырған телеарналарда толығырақ жеткізіп жүрмін. Ай сайын өтетін шараларда үздіксіз қолдауларын аямайтын Түркістан қаласы әкімдігінен бастап, барша атсалысқан мекеме мен жеке адамдарға алғысым шексіз 700 баланы қуантқан 700 жақсы адамға жақсылық жаусыншы!» деген ақ тілегімен түйіндепті.

Жалпы бұл жоба ерекше балалардың тілегі жазылған хаттардан бастау алады. Бала арманын орындауға ниет танытқандар хат тасушы апайдан (жоба авторы) бірін алып, жүзеге асырады. Осылайша бірнеше бала бір мезетте қуанышқа кенеледі. Жоба өміршең, балалар ғұмыры ұзақ болғай!

Ұқсас жаңалықтар

Арыста “Жасыл толқын” бастамасымен экологиялық сенбілік өтті

berdaly_oraz

Өңір жаңалығы: Түлкібас ауданында асық ату спортынан чемпионат өтті

Түркістан облысында ауқымды «Aq-Dala» мақташылар фестивалі өтті

Redaktor Arysinfo