Түркістанда Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында маңызды мәдени-ағартушылық шара өтті. Биылғы «Тіл шебері» республикалық байқауы қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Түркістан облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен іріктеуден өткен үздік жастар мен мемлекеттік қызметшілер қатысты. Барлығы 15 аймақтан келген үміткерлер үш кезең бойынша өз білімін сынап, тілдік қабілеті мен ой-өрісін паш етті.
Алғашқы кезеңде қатысушылар қазақ тіліндегі көнерген сөздердің мағынасын ашып, ұлттық сөз қорының байлығын танытты. Бұл сынақ арқылы олардың ана тілін терең меңгеруі, тарихи лексикаға деген қызығушылығы байқалды. Екінші кезеңде үміткерлер орыс тілінде Қазақстанның өңірлері мен ұлттық құндылықтары жайлы сұрақтарға жауап беріп, білім көкжиегін дәлелдеді. Ал үшінші кезеңде ағылшын тілінде Қазақстанның ұлы тұлғалары, мәдениеті мен дәстүрлері жөнінде ойларын еркін жеткізді.
Қазылар алқасы құрамында филолог-ғалымдар, тіл мамандары және мәдениет саласының өкілдері болды. Сарапшылар қатысушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру деңгейіне, ойды жүйелі жеткізуіне, сөйлеу мәдениетіне ерекше назар аударды. Әділқазылар байқаудың жоғары деңгейде өткенін атап, барша жас қатысушыға ризашылық білдірді.
Салтанатты марапаттау рәсіміне Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыстады. Ол өз сөзінде тіл – халықтың қазынасы екенін атап өтіп, жастардың үш тілді меңгеруі ел болашағы үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Жарыс нәтижесінде Алматы қаласының өкілі Нұрғазы Ардақ І орынды иеленсе, ІІ орын Қызылорда облысынан келген Бердібек Нұрхатқа бұйырды. Үшінші орынға Қостанай облысының жас өкілі Жақсан Рауан мен Орал қаласынан қатысқан Мұханбетқалиев Дәулетжан лайық деп танылды. Сонымен қатар ынталандыру сыйлықтарына Атырау, Алматы, Түркістан, Ақмола және Ұлытау облыстарынан келген бес үміткер ие болды. Қалған қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тіл шебері» байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Негізгі мақсаты – жастардың тілге деген қызығушылығын арттыру, үш тілді еркін меңгерген жас мамандардың үлгісін көрсету және қоғамда көптілділік мәдениетін нығайту. Түркістан төрінде өткен биылғы дода да осы мақсаттарға сай өрбіді.
Бұл шара тек қана жарыс емес, ел жастары үшін тәжірибе алмасудың, ой өрісін кеңейтудің және мәдени байланысты нығайтудың алаңына айналды. Үміткерлердің әрқайсысы елдің рухани байлығын сақтап, тілдік мұраны дәріптеуге үлес қосып жүргенін көрсетті.
