Түркістанда тұрғын үймен қамту мәселесі талқыланды,-деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету және өңірде тұрғын үйлер салу мәселелері бойынша арнайы жиын өткізді. Жиында тұрғын үй құрылысының сапасы, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қаржыландыру және кезекте тұрған азаматтардың баспана алу көрсеткіштері қарастырылды.
Әкім жауапты сала басшыларына құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды, сондай-ақ тұрғын үй саясатын нақты сараптамаға негіздеуді тапсырды.
– Құрылыс басқармасында тұрғын үй саясатына қатысты жан-жақты сараптама болуы керек. Зерделеу жұмыстарының негізінде нақты жоспар әзірленуі тиіс. Аудан және қала әкімдерінің осы бағыттағы жұмыстары сараланып, нәтижесі бойынша ұсыныстар берілуі қажет. Үй салынатын аймақтардың инфрақұрылымын дамыту, құрылысты қаржыландыру және мерзімінде аяқтау мәселелерін қатаң бақылауда ұстау керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұлдың айтуынша, 2018-2024 жылдары Түркістан облысында 16 925 пәтер пайдалануға берілген. Оның 9308-і – арендалық, ал 7617-і – кредиттік негізде берілген баспаналар.
2024 жылы облыста 47,8 млрд теңгеге 2590 арендалық пәтер (245 тұрғын үй, жалпы ауданы 170,1 мың шаршы метр) сатып алынған. Ал 2025 жылы баспана мәселесін шешу мақсатында 578 арендалық пәтерді сатып алуға 7,7 млрд теңге бөлінбек.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады. Тұрғындардың баспанамен қамтылу көрсеткішін арттыру үшін жаңа тұрғын үйлердің құрылысы мен олардың сапасын бақылау басты назарда болады.