Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Рух пен Жігер жеңісі» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Шараға облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, «Әжелер алқасы» жетекшілері, зиялы қауым, жастар, түрлі этнос өкілдері мен руханият жанашырлары жиналды.
Жинақта бұрын жарияланбаған тың деректер мен соғыс тарихына қатысты қызықты мәліметтер қамтылған. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев салтанатты жиынды ашып, шараның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, өңірде Жеңістің 80 жылдығына арналған кең ауқымды жоспар жүзеге асырылып жатыр. Бұл кітап – сол жұмыстардың бір бөлігі, онда өңірден шыққан батырлар мен ардагерлердің ерліктері, сондай-ақ бұрын аты-жөні белгісіз болған 34 майдангер жайлы жаңа деректер берілген. Алтаев авторларға алғыс айтып, облыс әкімінің атынан «Абай жолы» романын сыйға тартты.
Мерекелік жиында 100 жастан асқан соғыс ардагері Мұратәлі Төлепбергенов жастарға патриоттық тәрбие, елге адал қызмет ету мен тарихи жадты сақтау жөнінде тағылымды ойларын жеткізді.
Шара аясында кітапқа арналған арнайы сайт таныстырылып, Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерпаздары патриоттық өлеңдер оқыды.
Ресми деректерге сәйкес, Түркістан облысынан майданға 140 мыңнан астам азамат аттанған. Олардың 51-і Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, сегізі – «Даңқ» орденінің толық иегері. Қазіргі таңда облыста небәрі сегіз соғыс ардагері ғана өмір сүруде. Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады.
