Түркістандағы арнайы экономикалық аймақта ірі зауыттардың құрылысы жүріп жатыр,деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы Арнайы экономикалық аймақта құрылысы қарқынды жүріп жатқан зауыттарды аралап, жобалармен танысты. Өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, инвесторлармен алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.
– Облыс әкімдігі тарапынан жер, инфрақұрылым, құжаттандыруға қатысты мәселелер шешіледі. Ал сіздер әр жобаны уақтылы жүзеге асырып, іске қосуларыңыз қажет. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға ерекше мән беріледі. Басты мақсат – өңірдегі өндірісті дамыту, – деді Нұралхан Көшеров.
Әкім алдымен «PSI Mineral Technologies» ЖШС-нің тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр техника шығаратын зауытының құрылысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 8,3 млрд теңге, өндіріс қуаты – жылына 956 тонна. Дайын өнім еліміздің нарығына ғана емес, шетелге де экспортталмақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп, бірінші кезеңі биыл іске қосылмақ.
Келесі нысан – «Алтын дала мақта» ЖШС-нің ПВХ құбырларын шығаратын зауыты. Бұл кәсіпорын жылына 1,44 млн метр құбыр өндіруге қауқарлы. Мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің мақта фабрикасы мен тоқыма цехтарының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жобаның құны – 146,8 млрд теңге. Кәсіпорында 11 өндірістік цех жұмыс істемек. Мұнда мақтаны иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Өндіріс қуаттылығы жылына:
13 мың тонна иірімжіп,
50 млн метр үй тоқымасы,
7 млн жиынтық төсек жабдығы.Жоба толық іске қосылғанда, 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылады.
Түркістан облысы өндіріс саласында қарқынды дамып келеді. Жаңа зауыттардың ашылуы аймақтың экономикасын нығайтып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Өңір басшылығы инвестициялық жобаларды қолдап, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайын.