«Үш үміткер-үш бағдарлама,бір мақсат» Монтайтас ауылдық округінде жаңа әкім сайлануда

Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылдық округінде әкім сайлауы өтіп жатыр. Ауыл тұрғындары жаңа басшыны таңдауға мүмкіндік алып отыр. Биыл сайлауға үш үміткер тіркеліп, өз бағдарламаларын халыққа ұсынып жатыр. Барлығының мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін жақсарту, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу.

Үміткерлер кімдер?

1. Ербол Ахметов — қазіргі әкім. 2021 жылдан бері округті басқарып келеді. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Ол ауыл шаруашылығын дамытып, жұмыс орындарын көбейтуді көздейді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооператив құрып, бидай мен мақсарыны өңдеп, сатуды ұйымдастырғысы келеді. Сонымен қатар, ауызсу, жарық, газ секілді негізгі мәселелерді шешуге уәде беріп отыр. Пайдаланылмай жатқан жерлерді ауыл игілігіне қайтаруды да жоспарлаған.

2. Бауыржан Сармантаев — заңгер, ауыл әкімдігінде бас маман болып жұмыс істейді. Монтайтаста туып-өскен. Ол ауыл ішіндегі жолдарды, жарық жүйесін жөндеуді, ауызсуды шешуді негізгі міндет деп біледі. Интернет пен байланыс сапасын арттыруды, мектеп пен балабақша жағдайын жақсартуды көздейді. Жастарды спорт пен өнерге тартуға, әкімдік жұмысын ашық әрі қолжетімді етуге басымдық беріп отыр.

3. Қанат Момбеков — Арыс қаласы әкімдігінде бас инспектор. Бұған дейін теміржол саласында инженер және бақылаушы қызметтерде болған. Ол жолдарды жөндеп, орталық су жүйесін тарту, электр желілерін жаңарту, интернет сапасын көтеру сынды инфрақұрылымдық жұмыстарға мән береді. Сондай-ақ, жастармен жұмысты күшейтіп, спорт және мәдениет нысандарын дамыту жоспары бар. Ауыл шаруашылығын жандандырып, кәсіпкерлікті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуды қалайды.

Үміткерлер бағдарламаларында ауыл өмірінің түрлі саласын қамтыған. Ендігі шешім – ауыл тұрғындарының еншісінде. Сайлау – бұл тек әкімді таңдау емес, сонымен бірге ауыл болашағын айқындайтын маңызды қадам.

Монтайтас тұрғындары үшін бұл науқан — өз ауылының дамуына үн қосу мүмкіндігі.

 

Бердалы ОРАЗ (аймақтық тілші)

Ұқсас жаңалықтар

Түркістаннан Ақмолаға: жәрмеңкеге 200 тоннадан астам өнім тиелген керуен жолға шықты

Оңтүстік өңірлердің дамуы талқыланды: 41 мың жұмыс орны ашылады

berdaly_oraz

Түркістан облысының 60-тан астам ауылы ішімдік сатудан бас тартты

berdaly_oraz

Пікір жазу