Қазығұрт ауданында орналасқан №11 колледж» МКҚК-ның ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Шара барысында келушілерге ұсынылған көрмеде стендтер мен мен демонстрациялар, колледж студенттерінің қол жеткізген жетістіктері мен мен олардың тәжірибелік дағдылары таныстырылды.
Іс-шараға Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ұйымдастырылған көрмені аралап, оқытушылар және студенттермен сөйлесіп, әртүрлі жұмысшы мамандықтары мен техникалық салаларға арналған заманауи жабдықтармен және арнайы техникалармен танысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі — «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізілген ашық есік күні жастардың білімі мен дағдыларын жетілдіруге, мамандық таңдауда дұрыс бағыт ұстануға мүмкіндік береді. Мен бүгін колледж студенттерімен кездесіп, сіздердің жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықтарыңыз бен ұмтылыстарыңызды байқадым. Көрмеге қатысып, техникалық салалардағы жаңа технологиялар мен заманауи жабдықтармен таныстым. Бұл, сөзсіз, студенттерге сапалы білім мен тәжірибе алу үшін тамаша мүмкіндіктер береді. Біз, аудан әкімдігі, өз тарапымыздан жастарды оқыту және кәсіби білім беру саласында барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Сіздердің алдарыңызда үлкен болашақ тұр, әрқайсыңыз өз саласында табысты маман бола аласыздар. Сондықтан білім алуға, өзіңізді дамытуға бағытталған қадамдарыңызды ешқашан тоқтатпаңыздар» — деді.
Аталмыш шараның мақсаты — студенттерге жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіндіру, осы саладағы мүмкіндіктер мен жетістіктерді көрсету, сондай-ақ жастарды кәсіби білім алуға және нақты өндірістік дағдыларды меңгеруге ынталандыру болып табылады.