Түркістан облысында кезекті «Үлгілі ауыл» байқауы басталады, — деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
2024 жылдан бастап Түркістан облысында «Үлгілі ауыл» байқауы өткізіліп келеді. Cәуір айынан бастап «Үлгілі ауыл» байқауының жаңа кезеңі басталады. Жаңа ережелер бойынша, аудан орталықтары сайысқа қатыстырылмайды. Сондай-ақ, байқау ережесіне «Жомарт түлек» тұжырымдамасы да енгізілмек. Бұл бағыт бойынша ауыл азаматтарының туған жері мен білім алған оқу орнын абаттандыру, сыртқы көрінісін реттеу, тазалығын сақтау, демеушілік жасау бойынша бағаланады. Бұл жайында Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев брифингте мәлімдеді.
«Өткен жылы барлық аудан-қалалардан байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан елді мекендер ішінен жеңімпаздар анықталып, ережеге сай облыстық бюджеттен өңірлерде биыл құрылыс жұмыстарын жүргізуге тиісті қаржылар қаралды. Атап айтар болсақ, өткен жылы жеңімпаз атанған Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылында құны 500 млн теңгеге — Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілсе, 2-орынға жайғасқан Шардара ауданындағы Көксу ауылында 120 млн теңгеге 2 қабатты ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, үйірмелер орталығы ашылмақ. Сондай-ақ, Сарыағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында 37,8 млн теңгеге шағын спорт және балалар ойын алаңшасы, Созақ ауданы Жартытөбе ауылында 26 млн теңгеге балалар ойын алаңының құрылыстары жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілед», — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарлама аясында құрылған «Jas Turkistan» волонтерлік ассоциациясының атқарған жұмыстары таныстырылды.
Брифингте Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде биыл өткізілетін іс-шараларға тоқталды. Атап айтқанда, облыс аумағында 7 263 іс-шара бекітілген. Жоспарға сәйкес, әр күнде 30-40 елді мекенде тазалық жұмыстары ұйымдастырылмақ. Нәтижесінде аптасына 180-200 елді мекенде сенбілік шаралары жүреді.