Астанадағы №81 мектептегі 600 миллион теңге төңірегіндегі дауға сот үкімі шықты

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Astana English School (№81 мектеп) бұрынғы директоры Гүлнар Садықова мен бас есепшісі Айжан Атжановаға қатысты резонанстық іс бойынша үкім жариялады. Тергеу мәліметінше, білім беру мекемесінде бірнеше жыл бойы жүйелі қаржылық заңбұзушылықтар жасалып, мемлекетке шамамен 600 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген.

Іс материалдарына сәйкес, мектеп штатында ресми тіркелгенімен, нақты жұмыс істемеген алты қызметкер болған. Олардың жалақысы директор тарапынан иемденіліп отырған. Бұл эпизод бойынша шығын көлемі 28 миллион теңгені құрайды.

Сотта анықталған тағы бір эпизод — лицензиясыз нөлдік сыныптар мен жазғы лагерьлер ұйымдастыру. Ата-аналардан төлемдер тек қолма-қол қабылданып, қаржы ресми есепке алынбаған. Тергеу бұл бағыттағы заңсыз айналым 320 миллион теңгеден асқанын көрсетті.

Мектепте еңбек еткен шетелдік мұғалімдерге қарастырылған жоғарылатылған жалақының бір бөлігі (шамамен 70–75 миллион теңге) директордың жеке пайдасына шешілгені сотта дәлелденді.

Қылмыстық схемада бас есепшінің банктік шоттары арқылы 175 миллион теңге өткен. Сот бұл қаражаттың заңсыз операцияларға қатысы бар екенін анықтады.

Айыпталушылар кінәларын ішінара ғана мойындап, қаражаттың бір бөлігі мектеп қажеттіліктеріне жұмсалды деп түсіндірген. Алайда сот ұсынылған дәлелдер негізінде олардың кінәсін толық дәлелденген деп тапты.

Гүлнар Садықова 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 500 шаршы метрлік тұрғын үйі, қымбат сөмкелері мен зергерлік бұйымдары тәркіленді.

Айжан Атжанова 7 жылға сотталды. Оның автокөлігі мен коммерциялық нысаны мемлекет меншігіне алынды.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ӨЗБЕК ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

Redaktor Arysinfo

Сарыағашта ішкі талдау нәтижелері талқыланды

berdaly_oraz

Шымкент: Кең Баба саябағында орналасқан заңсыз дүңгіршектер сүріліп жатыр

berdaly_oraz