Түркістанда алты елдің жастары қазақ әдебиеті төңірегінде

Түркістанда Республика күні қарсаңында «Бірге оқимыз, бірге ойлаймыз!» әдеби алаңының кезекті кездесуі өтті. Достық үйінде ұйымдастырылған шараның мақсаты – жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, қазақ әдебиетінің таңдаулы туындыларын кеңінен насихаттау.

Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдауға бағытталған әдеби кездесуге Қазақстанмен қатар Түркия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Чувашиядан келген студент жастар қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» және Дулат Исабековтің «Гауһартас» шығармаларын талқылады. Жастар туындылардың мазмұны мен тәрбиелік мәніне тоқталып, кейіпкерлер тағдыры арқылы ұлттық болмыс, адамгершілік, отбасы құндылықтары мен рухани тәрбие туралы ой бөлісті.

Әдеби алаң түрлі елден келген жастардың пікір алмасып, қазақ әдебиеті арқылы ұлттық мәдениетпен жақынырақ танысуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар кітап оқудың жеке тұлғаның қалыптасуындағы рөлі мен көркем әдебиеттің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы сөз болды.

Шара соңында белсенді қатысушыларға кітаптар сыйға тартылып, мәдени бағдарлама аясында Маржан Ержанқызы «Келші, айым» әнін орындады.

Руханиятты ұлықтаған кездесу жастардың кітапқа деген ықыласын арттырып, әдебиет арқылы ортақ құндылықтарды дәріптеуге жол ашты.

Ұқсас жаңалықтар

ORDABASY: ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ – КӘСІПКЕ ҚОЛДАУ, ТАБЫСҚА ЖОЛ

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН: ӘР ТҰРҒЫННЫҢ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

berdaly_oraz

41 ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛ ҮШЕМДІ ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛДІ