Арыста 8 наурыз мерекесіне орай аналарға құрмет көрсетілді

Көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі – Халықаралық әйелдер күні Арыс қаласында салтанатты түрде аталып өтті. Мерекелік кеш Арыс қалалық Мәдениет үйі ғимаратында ұйымдастырылып, ардақты әжелер мен аналарға, сондай-ақ түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандарға арналды.

Салтанатты жиында қала әкімі Қайсар Маңқараев пен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды. Қала басшысы өз сөзінде ананың мейірімі мен қамқорлығы әр отбасының берекесі екенін атап өтіп, олардың еңбегі мен парасаты қаланың дамуына үлкен үлес қосып отырғанын айтты.

Мерекелік бағдарлама барысында мәдениет үйінің өнерпаздары көрермендерге арнайы концерттік қойылымдар ұсынды. Сахнада анаға арналған әсерлі әндер орындалып, жыр-термелер шырқалды. Сонымен қатар театрландырылған көріністер көрсетіліп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Шара соңында көп жыл еңбек етіп, қоғамда сый-құрметке ие болған ардагер аналарға алғыс білдіріліп, мерекелік гүл шоқтары табыс етілді.

Ұқсас жаңалықтар

Жеңістің 80 жылдығына орай Райымбек Сейтметов театрында жаңа қойылым көрерменге жол тартты

Шымкенттегі балабақшада бүлдіршіндерді соққыға жыққан тәрбиеші қамалды

Нұралхан Көшеров бастаған Түркістан облысының делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барды