Түркістан облысындағы Арыс қаласында тазалық пен абаттандыру мәдениеті бір реттік акция шеңберінен шығып, тұрғындардың күнделікті дағдысына айналып келеді. «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қала халқы өз аулаларын көгалдандырып, ортақ кеңістікті күтіп ұстауда белсенділік танытуда.
Соның айқын мысалы – Ақынбеков көшесіндегі №1 көпқабатты тұрғын үй ауласы. Мұнда тұрғындар бірнеше жыл ішінде аумақты толықтай өзгертіп, шағын демалыс саябағына айналдырған. Бүгінде аулада 80-нен астам ағаш өсіп тұр, оның басым бөлігі – жеміс беретін көшеттер.
Үйдің жауапты өкілі (домком) Сырлыбек Мұсабеков бұл бастаманың жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, көгалдандыру жұмыстары 2020 жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келеді. Тұрғындар тек ағаш отырғызумен шектелмей, оларды күтіп-баптау, әктеу, сырлау және аумақты таза ұстауды тұрақты әдетке айналдырған.
«Біздің басты ұстанымымыз – тазалықты сақтау мен ортақ іске жауапкершілікпен қарау. Ауламызда қазір 80-ге жуық тал өсіп тұр, оның жартысына жуығы жеміс береді. Ең маңыздысы – бұл іске барлық тұрғындар атсалысады. Үлкендер де, балалар да бірдей еңбек етеді. Осы арқылы біз жас буынды тазалық пен еңбексүйгіштікке тәрбиелеп келеміз», – дейді ол.
Мұндай бастамалар тек бір ауламен шектелмей, қала бойынша кеңінен таралып келеді. Жергілікті билік өкілдері де тұрғындардың белсенділігін қолдап, абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыруға шақыруда. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қоғамдық белсенділік қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындар арасындағы ынтымақтастықты да нығайтады.
Жалпы, Арыстағы бұл тәжірибе – шағын бастаманың үлкен нәтижеге жеткізетінін көрсететін нақты мысал. Егер әр тұрғын өз ауласына жауапкершілікпен қарап, тазалықты сақтауды өмір салтына айналдырса, қаланың келбеті де айтарлықтай өзгереді.
Тазалық – әр үйдің табалдырығынан басталады. Сондықтан туған жердің көркеюіне үлес қосу – әр азаматтың ортақ міндеті.
