Ордабасы – өндіріс пен инвестицияның жаңа нүктесі

Түркістан облысының индустриялық картасында Ордабасы ауданының орны айрықша бола бастады. Соңғы жылдары бұл өңір тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, өндірістік әлеуетімен де көзге түсіп келеді. Жаңа инвестициялық жобалар аудан экономикасына тың серпін беріп, жұмыс орындарын ашуға және жергілікті нарықты дамытуға жол ашуда.

Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Ордабасы ауданына арнайы іссапармен барып, бірқатар өндірістік нысандардың жұмыс барысын көзбен көрді. Сапар барысында жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігі мен болашағына ерекше мән берілді.

Өңірдегі ірі жобалардың бірі – Central Asia Aluminum Company кәсіпорны. Бұл зауыт құрылыс саласына қажетті алюминий профильдерін шығарып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуді көздейді. Импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнімнің үлесін арттыру – жобаның басты артықшылығы.

Сонымен қатар, HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD қолға алған жоба ерекше назар аудартты. Мұнда ірі қара мал сүйегін өңдеу арқылы түрлі биологиялық өнімдер шығару жоспарланған. Бұл – қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделген, экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді бастама.

Аудандағы тағы бір маңызды нысан – KAZ KIOTI зауыты. Кәсіпорында тракторлар құрастырылып қана қоймай, су үнемдеуге арналған жаңбырлатып суару жүйелері де өндіріледі. Бұдан бөлек, жоғары қысымды температурада шыны өңдеу және құрылысқа қажетті түрлі материалдар шығару жолға қойылған.

Жалпы алғанда, Ордабасыдағы бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа технологиялардың енгізілуіне жол ашуда. Ең бастысы – жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындары көбейіп, аудан экономикасы жаңа деңгейге көтерілуде.

Бүгінгі Ордабасы – тек ауыл емес, инвестиция тартқан, өндірісі өркендеген заманауи ауданның нақты үлгісі.

Ұқсас жаңалықтар

САУРАН АУДАНЫНДА 16 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН: БҮГІН ОБЛЫСТАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА 60 ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ ТАРТУ ЕТІЛДІ

Redaktor Arysinfo

Сайрам ауданында жаңа шағынауданның құрылысы басталды