Дереккөз, фото: Сарыағаш ауд әкімдігі
«Қазақстан–Өзбекстан Президенттерінің ізімен» атты арнайы экспедиция аясында Өзбекстан Республикасына жол тартқан делегация Сарыағаш ауданына арнайы аялдады.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, «Айғақ» телерадиокомпаниясының басшысы Дулат Әбіш бастаған топ аудан көлеміндегі бірқатар тағылымды шараларға қатысты.
Сапар барысында делегация мүшелері Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округінің Зортөбе ауылына барып, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ЮНЕСКО-ның «Алтын медаль» лауреаты, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Манап Өтебаевтың қабіріне зиярат етті. Марқұмның рухына құран бағышталып, ел игілігі жолындағы еңбегіне тағзым жасалды.
Сонымен қатар, делегация мүшелері Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевпен бірге Сарыағаш қаласындағы Төле би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Аталған экспедицияның мақсаты – екі ел арасындағы тарихи байланыстарды дәріптеу, тағылымды тұлғалардың мұрасын насихаттау және рухани сабақтастықты нығайту.
