ТҮРКІСТАНДЫҚ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ӨЗБЕКСТАНҒА ӘДЕБИ САПАР ЖАСАДЫ

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен және облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өңірдің зиялы қауым өкілдері Өзбекстан Республикасына әдеби сапармен барды.

Сапар аясында делегация мүшелері Шараф Рашидов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына тағзым етті.

Іс-шара одан әрі Жызақ қаласындағы Шараф Рашидов атындағы өңірлік кітапханада жалғасты. Мұнда «Кітап оқу – ұлттар арасындағы рухани көпір» атты халықаралық конференция өтті. Конференция барысында Жызақ облыстық ақпараттық-кітапхана орталығы мен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Аталған құжат екі тарап арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтып, тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және рухани ықпалдастықты арттыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде өзбекстандық зиялы қауым өкілдері де ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді. Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті Абдулла Ахматұлы және академик Абдуманноп Абдулазизұлы кітапхана қорына сирек кездесетін «Кавказ и Средняя Азия» фотосуреттер альбомы мен 1908 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Бокироний китоби» атты көне кітаптарды сыйға тартты.

Ал облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы өз кезегінде Жызақтағы әріптестеріне 150-ге жуық көркем әдеби кітап табыстады.

Бұл әдеби сапар – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рухани-мәдени байланысты нығайтудың жарқын көрінісі.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Сарыағаш ауданындағы сенбілік жұмыстарында тұрғындар белсенділік танытты

«НӘРЛЕН» 17 ЖЫЛ НАРЫҚТА

Redaktor Arysinfo

Арыста «Қоғамға қызмет ету» бағыты бойынша мобильді топтың халықпен кездесуі өтті