Түркістанда «Түркістанның ұстанымы — татулық пен конфессияаралық келісім» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Жиынға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
Кездесу барысында қала әкімі мен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды насихаттау және тұрақты даму мәселелері талқыланды.
Әзімбек Пазылбекұлы Түркістанның рухани әрі киелі шаһар екенін атап өтіп, бейбітшілік пен татулықты сақтау — басты міндет екенін жеткізді. Оның айтуынша, ұлтаралық қатынастарда қосарланған стандарттарға жол берілмеуі тиіс, ал қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу үшін тұрақты түрде кеңестер өткізіп, жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Бұл басқосу Түркістанның бейбітшілік пен келісім қаласы ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.