АҚБИІКТЕ ФОРЕЛЬ ӨСІРУ ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Дереккөз, фото: Түлкібас ауд әкімдігі

Аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев округтерді аралау барысында Ақбиік ауылдық округіне барып, балық шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.

Жеке кәсіпкер Жанарыс Тәңкішов өзіне тиесілі 1,5 гектар жер телімінде форель өсіру жобасын жүзеге асыруда. Ол арнайы қазаншұңқырлар қазып, оларды бетондап, қажетті инфрақұрылымды дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кәсіпкер жобаны іске асыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, кәсібін бастаған. Алдағы уақытта 15 мың шабақ жіберіп, 6–7 тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр.

Жоба барысымен танысқан аудан басшысы бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, балық шаруашылығын жүйелі түрде дамыту қажеттігін атап өтті.

Сапар аясында аудан басшылығы «Тау форель» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен де танысты. Кооператив те «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландырылып, бүгінде инкубациялық цехты іске қосқан. Қазіргі таңда мұнда 100 мың шабақ пен 100 мың уылдырық өсірілуде, ал сыртқы бассейндерде 30 мыңға жуық балық бар. Жалпы шаруашылықта балық өсіруге арналған 23 бассейн дайындалған. Су көзі ретінде табиғи бұлақ суы пайдаланылуда.

Кооператив құрамында 15 адам болса, оның 6-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы жоспарға сәйкес, кәсіпорын балықты өңдеу, кептіру және дайын өнім ретінде нарыққа шығару бағыттарын дамытуды көздеп отыр. Яғни, мұнда уылдырықтан бастап дайын өнімге дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастыру қарастырылған.

Сонымен қатар, аудан басшысы округте жаңадан іске қосылған тағы бір балық шаруашылығы нысанын аралады. Кәсіпкер Балқыбек Үсібалиев 1,2 гектар аумақта 8 тоған қазып, оларға 15 мың форель шабағын жіберген. Жоба кезең-кезеңімен дамытылып, өндіріс көлемін арттыру жоспарлануда.

Жалпы, Ақбиік ауылдық округінде балық шаруашылығын дамыту бағытындағы бұл бастамалар ауыл экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнім көлемін арттыруға ықпал етуде.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан қаласындағы Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында “Діни радикализмнің алдын алу жолдары” тақырыбында маңызды кездесу өтті

berdaly_oraz

Түркістанда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті

ҚАЗЫҒҰРТТА “QAZYGURT FEST” ГАЛА-КОНЦЕРТІ ӨТІП, 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨРЕРМЕН ЖИНАЛДЫ

berdaly_oraz