Дереккөз, фото: Түлкібас ауд әкімдігі
Ауданда елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осыған орай аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев бірнеше ауылдық округтегі нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылындағы ауызсу жүйесінің жағдайы қаралды. Мұнда су сақтау багы орнатылып, құбыр тарту және құдық орнату жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар қажетті техникалық құрылғылар жаңартылған.
Балықты ауылдық округінің Көкбұлақ ауылында да ауызсу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Жаңадан орнатылған су алу нысаны ретке келтіріліп, су сақтау багтары жөндеуден өткен. Нысан аумағында жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері іске қосылып, қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Ал Машат ауылдық округіне қарасты Қызылбастау ауылында жаңа скважина қазылып, абоненттік желілер тартылған. Су мұнарасын орнату және су өлшеуіш құрылғыларды қою жұмыстары да қатар жүргізілуде. Еңбекші ауылында да ауызсу жүйесін жақсарту бағытында құбыр тарту, насос орнату және қоршау жұмыстары қолға алынған.
Келтемашат ауылдық округіндегі Жиынбай ауылында тұрғындар табиғи ағыспен келетін ауызсумен қамтамасыз етілсе, Даубаба ауылында бірнеше тұрғын үйге сапалы ауызсу тартылып, қажетті инфрақұрылым толық іске қосылған.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі ауызсу нысандарының қауіпсіздігі мен күтіміне ерекше назар аударып, су бастау көздерінің маңын көгалдандыру және бейнебақылау жүйесін орталықтан бақылауды ұйымдастыру бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді.
