- Дереккөз, фото: Жетісай ауд әкімдігі
Жетісай ауданында жол инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соңғы жылдары аудан аумағындағы ішкі және ауданаралық жолдарды жөндеу, көшелерді асфальттау мен тас төсеу жұмыстары қарқын алған.
Осыған орай аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бірқатар елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Аудан басшысы жол құрылысы кезінде қолданылатын асфальттың сапасы, қалыңдығы мен жол өлшемдерінің талапқа сай болуына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
Жұмыс сапары барысында Жетісай қаласындағы Шәкәрім көшесінде жүргізілетін орта жөндеу жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Көше бойындағы қызыл сызыққа қатысты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындармен және кәсіпкерлермен пікір алмасу болды.
Сонымен қатар аудан әкімі Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі бірқатар көшелерде жүргізіліп жатқан орта жөндеу жұмыстарын да көріп шықты. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті жол белгілерін орнату бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Ауданда жол сапасын жақсарту бағытындағы мұндай жұмыстар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, елді мекендердің инфрақұрылымдық дамуына оң ықпал етуде.
