ТҮРКІСТАНДА МҰХТАРХАН ДІЛДӘБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БОКС ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан қаласындағы Olympic Center спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасы мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан бокс федерациясы вице-президенті Мұхтархан Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIV халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Түркі әлемінің алтын бесігі – қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамалары өңірде жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бүгінгі турнир – сол жұмыстардың нақты көрінісі. Түркістан өңірінен көптеген талантты спортшылар шыққан. Солардың бірі – Мұхтархан Қобланбекұлы. Қатысушыларға әділ әрі тартысты бәсеке тілеймін, – деді Ертай Алтаев.

Биылғы турнирге Қазақстанның 10 өңірінен, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 13 команда қатысуда. Жарысқа 150-ге жуық жас боксшы қатысып, 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

Турнирдің негізгі мақсаты – талантты жас спортшыларды анықтап, ұлттық құрама сапына іріктеу және олардың шеберлігін шыңдау.

Жарыстың бас төрешісі Дархан Ашировтың айтуынша, турнирге қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары.

Халықаралық жарысты Түркістан облысының әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте 8,7 шақырым жолға асфальтбетон қабаты төселді

Шымкентте «MooniGold» қаржы пирамидасының заңсыз әрекеті әшкереленді

Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер: қазақстандықтарды не күтіп тұр?

berdaly_oraz