Дереккөз, фото: Шымкент қаласы әкімдігі
Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық отырыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, азаматтарды әскери қызметке шақыру және заңсыз салынған нысандарға қатысты қабылданып жатқан шаралар талқыланды.
Жиында Қайрат Қалибеков Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде қалада 58 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 16,6 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді.
Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында 16 мектепте стоматологиялық кабинеттер ашылып, биыл тағы 25 мектепте осындай кабинеттерді іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, медицина саласына цифрлық технологиялар енгізіліп, «PACS Systems» жасанды интеллект ақпараттық жүйесі іске қосылған. Сондай-ақ «PULS-AI» және «Temir» жүйелері де қолданысқа енгізілуде.
Баяндама барысында 2025 жылы 89 медициналық құрал-жабдық пен 40 арнайы жедел жәрдем көлігі алынғаны айтылды. Бұдан бөлек, қосымша 25 санитарлық көлік сатып алынған. Қаладағы №1 және №5 емханалар мен Алтынтөбе дәрігерлік амбулаториясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге, 250 медицина қызметкері біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Басқарма басшысы тұрғындардың жоспарлы вакцинация мен скринингтік тексерулерден толық қамтылғанын жеткізді. Сондай-ақ жалпы өлім-жітім көрсеткішінің, оның ішінде қан айналымы жүйесі аурулары, онкологиялық дерттер және жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім деңгейінің төмендегенін атап өтті.
Аппараттық отырыста азаматтарды әскери қызметке шақыру мәселесі де қаралды. Әбдіғабит Шегебаевтің мәліметінше, биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкент қаласынан 2476-дан астам азаматты әскери бөлімдерге жіберу жоспарланған. Қазіргі таңда 651 адам Қарулы күштер қатарына шақырылған.
Сонымен қатар, заңсыз салынған нысандарды анықтау және оларды бұзу жұмыстарының барысы талқыланды. Мониторинг нәтижесінде 106 нысанның құрылыс талаптарын бұза отырып салынғаны анықталып, олардың 56-сына қатысты тиісті шаралар қабылданған. Бұдан бөлек, 72 құрылыс нысанына тексеру жүргізілген.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша заңсыз құрылыс жүргізу, құрылыс сапасының талаптарын сақтамау және үлескерлік қатысу мәселелері аясында 61,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ 442 құрылыс ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың лицензиялары алты айға дейін тоқтатылған. Жыл басынан бері қала бюджетіне 147,6 млн теңге түскен.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі полиция департаментіне азаматтарды әскерге шақыру жұмыстарына қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар заңсыз құрылыстарға бақылауды күшейтіп, тұрақты мониторинг жүргізу және тиісті шараларды уақытылы қабылдау қажеттігін атап өтті.
