ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында облыс әкімі Түркістан өңірінің экономикалық және өндірістік әлеуетіне тоқталып, инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Түркістан – қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық орналасуы оның стратегиялық маңызын арттыра түседі. Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік достық және өзара ынтымақтастық негізінде дамып келеді. Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған аймақтардың қатарында. Әсіресе мақта шаруашылығы өңір экономикасында маңызды орын алады. Биыл жалпы құны 100,1 млрд теңгені құрайтын бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылды. Олардың қатарында жіп иіру фабрикасы, екі мақта өңдеу зауыты, ПВХ құбырларын және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын өндіріс орындары бар. Сонымен қатар 32 мың гектар алқапқа жаңа технология арқылы мақта егілді. Бұл жобалар жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпін беруде. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылып, индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерде қажетті инфрақұрылым дайындалған, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында инвесторлар тоқыма өнеркәсібін дамытуға қызығушылық танытты. Атап айтқанда, тоқыма маталарын өндіру және бояу, маталарды әрлеу, киім тігу, үй текстилін шығару, медициналық қорғаныс өнімдерін өндіру және жаңа экологиялық таза текстиль материалдарын әзірлеу бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.

Сонымен қатар энергетикалық және жылумен қамтамасыз ету қызметтерін ұйымдастыру мәселелері де талқыланды. Жоспарланған жобалар аясында 500-ден 700-ге дейін жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, өзара әріптестік орнату бағытында жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте көлеңкелі ойын империясы күйреді

Түркістанда шегірткеге қарсы майдан: әр гектар – бақылауда

Альфия Адамбек

Түркістанда ұстаздардың біліктілігін арттыруға арналған «Ustazga AI» жобасы таныстырылды

berdaly_oraz