Түркістанда 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай дәстүрлі облыстық спартакиада басталды. Ауқымды спорттық додаға облыс бойынша 1000-ға жуық мемлекеттік қызметші қатысып жатыр.
Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мемлекеттік қызмет – елге адал қызмет ету мен халық сенімін ақтау. Мұндай жауапты міндетті абыроймен атқару үшін денсаулықтың мықты, рухтың биік болуы маңызды. Спорт – тек денсаулық кепілі емес, ұйымшылдық пен табандылықтың мектебі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Өткен жылы облыста 102 спорт нысаны пайдалануға берілсе, биыл тағы 20 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Биылғы спартакиадада қатысушылар шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, жүзу, шахмат, киберспорт, баскетбол 3х3 және қазақ күресі бойынша бақ сынайды.
Жарыстар 19-22 мамыр күндері Түркістан қаласындағы спорт кешендерінде өтеді. Қорытындысында үздік командалар кубоктармен марапатталса, жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және медаль иеленеді.
Айта кетейік, іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және облыстың үздік құрамасын іріктеу. Жеңімпаздар шілде айында өтетін республикалық спартакиадада Түркістан облысының намысын қорғайды.
