Соңғы жылдары елімізде қоғамның денсаулығын жақсартуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жастарды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған бастамалар көбейіп келеді. Солардың бірі – «Арақсыз ауыл» жобасы. Бұл жолы игі бастама Арыс қаласына қарасты Шөгірлі елді мекенінде жалғасын тапты.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Айқын нәтиже» пилоттық жобасы аясында ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тарту жөнінде ортақ шешім қабылдады. Бұл шешімнің ерекшелігі – оның жоғарыдан емес, халықтың өз ішінен туындауында.
800-ден астам тұрғыны бар Шөгірлі ауылында кәсіпкерлік нысандары енді алкоголь өнімдерін сатпайды. Ауыл ақсақалдары, белсенді азаматтар мен кәсіпкерлердің бірлескен ұстанымы қоғамдық келісімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Себебі ішімдікке байланысты орын алатын көптеген әлеуметтік мәселелердің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Бұған дейін Дермене ауылы да «арақсыз ауыл» мәртебесін иеленген болатын. Енді Шөгірлі осы игі дәстүрді жалғастырып, қоғамның қауіпсіздігі мен ұлт саулығын басты құндылық ретінде таңдағанын көрсетті.
Арақтан бас тарту – жай ғана шектеу емес, бұл болашақ ұрпақтың денсаулығы мен ауылдың берекелі өміріне салынған инвестиция. Егер мұндай бастамалар еліміздің өзге өңірлерінде де қолдау тапса, оның нәтижесі тұтас қоғамның әл-ауқатына оң әсер ететіні сөзсіз.
