Кентау қаласында қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға қалалық бөлімдердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысып, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және сәулет салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жан-жақты қаралды. Сондай-ақ әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелерде жүргізілген ішкі талдау қорытындылары таныстырылып, анықталған кемшіліктер мен оларды жою жолдары талқыланды.
Отырыста жауапты бөлім басшылары атқарылған жұмыстар туралы есеп берсе, қала прокуроры сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелерге тоқталып, бірқатар ұсыныс айтты.
Комиссия барысында ішкі талдау нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді белгіленген мерзімде толық жою қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар комиссия мүшелері баяндамашыларға сұрақ қойып, саладағы тәуекелдерді азайтуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Жандос Тасов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың тиімді орындалуын қамтамасыз етуді, тәуекелдерді жоюға бағытталған нақты шараларды күшейтуді және барлық салада ашықтық пен заң талаптарының мүлтіксіз сақталуын тапсырды.
