Түркістан облысында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстар жаңа қарқын алды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында ұрлық қылмыстары мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиында 2024–2026 жылдарға арналған ұрлықтарға қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалуы сараланып, пәтер, автокөлік, мал, қалта және ұялы телефон ұрлығының алдын алу шаралары қаралды. Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесі, онлайн-казинолар және қаржылық пирамидалардың жолын кесу бағытындағы жұмыстардың барысы пысықталды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдіктері мен құқық қорғау органдарына ұрлық жиі тіркелетін өңірлерде бірлескен рейдтерді күшейтіп, алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ қаржылық алаяқтық, лудомания және экономикалық қылмыстарға қарсы күресті күшейтіп, заңсыз ойын алаңдарына жан-жақты талдау жүргізуді міндеттеді.
Комиссия отырысында Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев өңірдегі қылмыстық ахуал туралы баяндама жасап, жалпы қылмыс деңгейінің төмендегенін айтты. Сонымен бірге ұялы телефон мен мал ұрлығының арту себептері талданып, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Келес және Төлеби аудандарындағы жағдайға ерекше назар аударылды.
Ал заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес мәселесі бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірінші жедел басқармасы бастығы Диас Тобатаев баяндама жасап, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидаларды анықтау және олардың қызметін тоқтату бағытындағы жұмыстар туралы мәлімет берді.
Жиын қорытындысында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, лудоманияның алдын алу және құмар ойындарға тәуелді азаматтармен жүргізілетін жұмысты күшейту бойынша нақты тапсырмалар беріліп, барлық жауапты мекемелерге жүктелген міндеттердің мерзімінде әрі сапалы орындалуы талап етілді.
