Кітапханасы жоқ ауылдан шыққан жазушы
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов әдебиетке саналы түрде ұмтылмағанын айтады. Оның айтуынша, балалық шағы кітапханасы жоқ шағын ауылда өткен. Дегенмен қолына түскен әрбір кітап пен газетті оқып, әдебиетке деген қызығушылығы біртіндеп оянған.
Қаламгердің шығармашылық жолына қазақ әдебиетіндегі Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Әбіш Кекілбайұлы, Дүкенбай Досжан секілді жазушылардың туындылары ерекше әсер еткен. Кейін Қызылорда педагогикалық институтында оқып жүргенде ұстаздары Әуелбек Қоңыратбаев пен Ақтай Тұрбековтің дәрістері оның әдеби танымын кеңейтіп, әлем классиктерінің шығармаларын тереңірек оқуға жол ашқан.
Алғашқы «Келін» атты әңгімесі аудандық газетте жарияланған сәттен бастап жазуға деген сенімі арта түскен. Кейін шығармалары облыстық және республикалық басылымдарда жарық көріп, әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған.
Көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармашылығы қазақ ауылының тыныс-тіршілігін, қарапайым адамдардың болмысын шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді. Оның туындыларын оқыған жанның көз алдына табиғи қалпын сақтаған ауыл өмірі мен есте қалатын кейіпкерлер келеді.
Жақында классик жазушымен жүздесіп, шығармашылығы мен өмір жолы туралы әңгімелесудің сәті түсті. Алғашында салмақты әрі тұйық көрінген қаламгердің шын мәнінде қарапайым, ақжарқын адам екеніне көз жеткіздік. Ол сұхбат барысында балалық шағы, әдебиетке келуі, шығармашылық ұстанымы және бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйі туралы ой бөлісті.
