Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында бір жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. 17 жастағы Елдар Аманбек топтық шабуылдың құрбаны болып, ауыр соққы мен пышақ жарақатынан көз жұмды. Қайғы жамылған анасы Алтынай Шалтаева қылмыскерлердің әділ жазаланбағанын айтып, тергеу барысына көңілі толмайтынын жеткізді.
Қанды оқиға қалай болды?
Қайғылы жағдай 2024 жылдың 19 қаңтарында орын алған. Анасының айтуынша, сол күні Елдар көлікте достарын күтіп отырған. Алайда кенеттен бір топ жасөспірім оған шабуыл жасап, аяусыз соққыға жыққан. Жанында болған екі досы қашып үлгергенімен, Елдар жалғыз қалып, қалың топтың арасында қалған. Қанды оқиғаның соңында оның санына пышақ жарақаты тиген, нәтижесінде көп қан жоғалтып, сол жерде көз жұмған.
Куәгерлердің сөзінше, шабуылдаушылар Елдарды басқа адаммен шатастырып алған. Жергілікті тұрғындар бұл өңірде жастар арасындағы жанжалдардың жиі болатынын айтады. Ал Елдардың анасы баласының жазықсыз құрбан болғанын айтып, кінәлілердің тиісті жазасын алуын талап етеді.
Тергеу барысы: күдіктілер әскерге кетіп құтылған ба?
Оқиғадан кейін алғашқы тергеу жұмыстары жүргізіліп, 12 адам күдікке ілінген. Алайда олардың көпшілігі кейін куәгер ретінде қарастырылып, тек бір адам ғана уақытша тергеу изоляторына қамалған. Бірақ бір жылдан кейін ол ақталып, бостандыққа шықты.
Ең таңғаларлығы, күдіктілердің төртеуі әскерге кетіп, жазадан құтылып кеткен. Қазіргі таңда төрт адам қамауға алынып, жеті күдікті үйқамаққа жіберілген. Оларға «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша айып тағылған.
Анасының әділдік іздеуі
Марқұмның анасы тергеу әділетсіз жүргізілгеніне сенімді. Ол істің қайта қаралуын және барлық кінәлілердің жауапкершілікке тартылуын талап етуде. «Мен баламды қайтарып ала алмаймын. Бірақ әділдік орнауы тиіс. Баламның өмірін қиғандар заң алдында жауап беруі керек», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
Осы оқиға қоғамда терең алаңдаушылық тудырып отыр. Қылмыс жасағандар жазадан қашып құтылмауы тиіс деген пікірді қолдайтындар аз емес. Ал тергеу органдары бұл істі қайта қарап, әділ шешім шығара ма – оны уақыт көрсетеді.