Түркістан облысында өндіріс пен фармацевтика саласын дамытуға бағытталған тағы бір ауқымды инвестициялық жобаға жол ашылды. Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында «Orzax Central Asia» ЖШС-нің биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауытының іргетасы қаланып, уақыт капсуласы салынды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру және импортты алмастыратын өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмалары өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, Түркістан облысында мақта-тоқыма, ет, жүгері және жиһаз кластерлері қарқынды дамып келеді. Импортты алмастыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде бүгінге дейін жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 жоба іске қосылса, биыл тағы 280 млрд теңгелік 39 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Облыс әкімінің сөзінше, еліміздегі фармацевтикалық өнімдерді тұтыну нарығының шамамен 100 млрд теңгесі импортқа тәуелді. Осыған байланысты Түркия Республикасымен қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асырылып отырған жаңа жоба импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірістің дамуына серпін береді.
«Orzax Central Asia» ЖШС-нің құрылтайшысы Алимоглу Селман Қазақстанда инвестициялық жобаны іске асыруға көрсетілген қолдау үшін Қазақстан Үкіметі мен Түркістан облысының басшылығына алғыс білдірді. Оның айтуынша, зауыт құрылысы белгіленген мерзімде аяқталып, кәсіпорын өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосады.
Жоба Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында 10 гектар аумақта жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі – 20,4 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдары жүргізіліп, зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына 464 миллион дана биологиялық белсенді қоспа өндіреді. Сонымен қатар 500-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.
Айта кетейік, «Orzax Central Asia» компаниясының құрылтайшысы – Түркиядағы биологиялық белсенді қоспалар өндірісінің көшбасшыларының бірі саналатын «Orzaks Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc». Компания бүгінде әлемнің 50-ден астам еліне 150-ден астам өнім түрін экспорттап келеді.
