Түркістан облысында полиция қызметкерлері бопсалау және қаруды заңсыз сақтау қылмысына күдікті адамдар тобын анықтап, олардың қызметін тоқтатты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов брифинг барысында мәлімдеді.
7 күдікті ұсталды
Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түлкібас ауданында 7 күдікті қолға түсті. Олардың арасында деструктивті діни ағым өкілдері мен маргиналды жастар бар. Күдіктілердің барлығы жергілікті тұрғындар, ал олардың екеуі ағайынды екені анықталды.
Жедел уәкілдер күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларын тінту кезінде:
- 12 калибрлі 1 карабин,
- 20-дан астам түрлі калибрлі оқ-дәрі,
- 7 дана діни әдебиет,
- пышақ,
- рация,
- казино чиптері және басқа да заттарды тәркіледі.
Сондай-ақ, күдіктілердің бірінің жұмыс орнындағы (цех ауласы) жасырын қоймасынан 2 тегіс ұңғылы карабин мен 7 оқ-дәрі табылды.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында барлық мән-жайлар анықталып, қылмыстық топтың әрекеттеріне толық құқықтық баға берілмек.
Түркістан облысының полициясы заң мен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруда.