Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, 150-ге жуық азаматтың өтініш-тілегін тыңдады. Ашық форматта өткен қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Қабылдауда тұрғындар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, жер қатынастары және инженерлік инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Бірқатар өтініштер сол жерде шешімін тапса, күрделі мәселелер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, бақылауға алынды.
Облыс әкімі жер телімдерін беру кезінде заң талаптарының қатаң сақталатынын айтып, инженерлік инфрақұрылымы жоқ жерлердің берілмейтінін жеткізді. Сонымен қатар тұрғын үй кезегі де заң аясында жүргізілетінін, ешкімнің құқығы бұзылмайтынын атап өтті.
Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Түркістан облысы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша республикадағы көшбасшы өңірлердің бірі. Өңірде жыл сайын шамамен 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспана құрылысының қарқыны тұрақты артып келеді.
Облыс басшысы барлық өтініштер жан-жақты зерделеніп, заң аясында нақты шешім қабылданатынын айтып, жауапты сала басшыларына тұрғындарға толық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Жыл басынан бері Түркістан облысының әкімі мен оның орынбасарлары 1000-нан астам азаматты жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын қараған. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
