ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ШЕКАРАШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

18 тамыз – Қазақстан Республикасының Шекара қызметі күні. Бұл – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік шекараның беріктігін күзетіп жүрген әскери қызметшілерге құрмет көрсетілетін маңызды мереке.

Осы айтулы датаға орай Жетісай қаласының орталық саябағында шекарашылардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, құзырлы орган басшылары, шекарашы сарбаздар, сала ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімі әскери қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, шекара қызметінің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша маңызын атап өтті.

Отан шебін қорғауда табанды еңбек етіп жүрген бірқатар әскери қызметші аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік бағдарлама барысында аудан өнерпаздары патриоттық әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар шекарашы сарбаздар жедел іс-қимылдар мен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен арнайы көрсетілім ұсынды. Әскери қызметшілердің ширақ қимылы мен кәсіби дайындығы олардың кез келген жағдайда ел шекарасын қорғауға дайын екенін көрсетті.

Шара соңында шекара күзетінің жауапкершілігі мен Отан алдындағы абыройлы міндетін дәріптейтін бейнероликтер көрсетілді.

Мемлекеттік шекараны күзету – елдің тұтастығы мен тыныштығын қорғау жолындағы қасиетті борыш. Жетісайдағы бұл шара шекарашылар еңбегіне деген құрметтің жоғары екенін тағы бір мәрте аңғартты.

Ұқсас жаңалықтар

Таза Қазақстан: Сарыағашта сенбілік жұмыстары белсенді өтті

berdaly_oraz

Түркістандық Бекзат «Мың бала» республикалық жобасында өнер көрсетті

berdaly_oraz

ҚР Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияға қосылуы