ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТТЫҢ АТЫНДАҒЫ ФУТБОЛ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ: ЖАС ТАЛАНТТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

Түркістанда қазақ спортының жарық жұлдызы Бекзат Саттархановтың есімі берілген жаңа футбол мектеп-интернаты ашылды. Енді өңірдің жас спортшылары кәсіби футболға алғашқы қадамын туған жерінде жасап, білім мен спортты қатар алып жүруге мүмкіндік алады.

Салтанатты шараға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова, спорт саласының ардагерлері, ұстаздар мен жаттықтырушылар, ата-аналар, жас футболшылар және қала тұрғындары қатысты.

Жаңа нысан жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен бой көтерген. Мектеп-интернат 470 оқушыға есептелген. Сонымен қатар жас спортшыларға арналған 170 орындық жатақхана қарастырылған.

Бұл жерде балалардың тек футбол шеберлігін шыңдауына емес, сапалы білім алуына және спортпен тұрақты айналысуына қажетті жағдай жасалған.

БЕКЗАТТЫҢ АТЫ – ЖАС ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Бекзат Саттарханов – қазақ спортының тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Оның есімін футбол мектебіне беру – жай ғана атау емес, жас спортшыларға үлкен жауапкершілік жүктейтін символдық қадам.

Сидней Олимпиадасында ел қоржынына алтын салған чемпионның қайсарлығы мен жеңіске деген жігері бүгінгі жас ұрпаққа үлгі.

Жаңа мектеп-интернат өңірдегі балалар футболын жүйелі түрде дамытуға жол ашып, болашақта кәсіби деңгейдегі ойыншыларды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Мұнда жас таланттарды ерте жастан анықтап, олардың қабілетін шыңдауға басымдық беріледі.

Бүгін Түркістанда футбол мектебі ашылды. Ал ертең осы алаңнан ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар шығуы мүмкін.

Бекзаттың есімімен аталған мектептің басты мақсаты да осы – спортқа қабілетті балаларға мүмкіндік беріп, олардың үлкен футболға апарар жолын ашу.

Бір кездері Бекзат ел үмітін ақтап, көк Туды көкке көтерді. Ендігі үміт – оның есімімен тәрбиеленетін жас ұрпақта.

Ұқсас жаңалықтар

Сот шешімінсіз баспанадан шығаруға жол бермеуді Қазақстанның жаңа Конституциясында бекіту ұсынылды

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАНДА ТҰРҒЫНДАР ҮНІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Redaktor Arysinfo

Шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстары жалғасуда