Табиғатты қорғау – бүгіннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы аманат. Осы жауапкершілікті бір ғасыр бойы арқалап келе жатқан Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы 100 жылдық мерейтойын атап өтті.
Түлкібас ауданында қорықтың ғасырлық тарихына арналған «Ғасырлық тарих: Ақсу-Жабағылы қорығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Басқосуға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан ғалымдар, экологтар, табиғат қорғаушылары, қорық қызметкерлері мен ғылыми мекеме өкілдері қатысты.
Жиында қорықтың қалыптасу тарихы сараланып қана қоймай, биоалуантүрлілікті сақтау, ғылыми зерттеулерді дамыту, экологиялық мониторингті жетілдіру және табиғи мұраны қорғаудың заманауи тәсілдері талқыланды.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев қорықтың келешегі үшін материалдық-техникалық базаны нығайтып, қажетті техника мен құрал-жабдықтарды жаңарту және ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Ал аудан әкімі Асқар Естібаев Ақсу-Жабағылының табиғи байлық қана емес, ел тарихымен тамырлас құндылық екенін айтып, қорықтың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.
Мерейтой аясында табиғатты қорғау ісіне елеулі үлес қосқан орманшылар, қорықшылар мен сала мамандары марапатталды. Бұл – табиғаттың тыныштығын күзетіп, даланың әрбір байлығын көздің қарашығындай сақтап жүрген жандардың еңбегіне көрсетілген құрмет.
Ғасырлық белесті бағындырған Ақсу-Жабағылы енді жаңа жүзжылдыққа қадам басып отыр. Алдағы кезеңде қорықтың материалдық-техникалық базасын жаңарту, ғылыми ізденістерді кеңейту, халықаралық ынтымақтастықты күшейту және табиғи мұраны сақтаудың жаңа тетіктерін енгізу міндеттері белгіленді.
Бір ғасырлық тарих – бір буынның емес, табиғатты қорғаған талай ұрпақтың еңбегі. Ақсу-Жабағылының ғасырлық ғұмыры – табиғатқа деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
