ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАС СПОРТШЫЛАРЫ ЕЛДІҢ АЛДЫНДА: V ЖАЗҒЫ ОЙЫНДАРДА ТОП ЖАРДЫ!

Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасы ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарында Түркістан облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орын иеленді.

14-23 қыркүйек аралығында ұйымдастырылған дүбірлі додаға еліміздің өңірлерінен жас спортшылар қатысып, футзал, волейбол, баскетбол 3×3, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дзюдо, қазақ күресі, асық ату, бес асық және еркін күрестен бақ сынады.

Түркістан облысының намысын 120 жас спортшы қорғады. Жерлестеріміз бірнеше спорт түрінен жеңіс тұғырынан көрінді. Баскетболдан 3×3 қыздар құрамасы, үстел теннисі, қазақ күресі және еркін күрес бойынша түркістандықтар 1-орын алды.

Сонымен қатар қыздар волейболы – 2-орын, ұлдар баскетболы 3×3 және асық ату – 3-орын, ұлдар волейболы мен дзюдо – 4-орын, тоғызқұмалақ – 5-орын, футзал – 6-орын, бес асық – 7-орын, грек-рим күресі – 10-орын көрсетті.

Жарыс қорытындысында 223 ұпай жинаған Түркістан облысы жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанды. Ақтөбе облысы – 219 ұпаймен екінші, Алматы облысы – 203,5 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.

Бұл нәтиже – ауыл жастары арасындағы спорттық дайындықтың жоғары деңгейін көрсететін маңызды жетістік. Түркістандық жас спортшылар осылайша өңір намысын абыроймен қорғап, жеңіске деген жігерін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұқсас жаңалықтар

Өңір жаңалығы: Созақта ішкі жолдар жаңартылуда

АРЫСТА БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТУДЕ

Redaktor Arysinfo

Түркістандағы арнайы экономикалық аймақта ірі зауыттардың құрылысы жүріп жатыр

berdaly_oraz