Түркістан облысында ішкі саясатты жетілдіру, азаматтық қоғаммен байланысты нығайту және өңірлік құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар жаңа кезеңге қадам басуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппараттық мәжілісте саладағы өзекті мәселелер талқыланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері айқындалды.
Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева ішкі саясат саласында қолға алынған бастамалар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады. Күн тәртібінде азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды күшейту, ұлттық және мемлекеттік мерекелердің мазмұнын арттыру, этносаралық келісімді нығайту және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру мәселелері қаралды.
«Тұран төріндегі текті өлке» – өңірлік құндылықтарды дәріптеудің негізі
Мәжілісте Түркістан облысының ішкі саясаты мен қоғамдық құндылықтарын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы таныстырылды. «Тұран төріндегі текті өлке» идеясын арқау еткен құжат өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауды, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды, адал еңбек пен тазалық құндылықтарын қоғамда орнықтыруды көздейді.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – қоғамдық сананы дамытуға ықпал ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру және өңірге тән рухани-мәдени құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру. Осы бағыттағы бастамаларды жүйелі жүзеге асыру үшін нақты міндеттер мен тиімді жұмыс тетіктерін айқындау қажеттігі атап өтілді.
Кадрлық әлеует пен жұмыс сапасы да назарда
Жиында ішкі саясат саласындағы кадрлық мәселелер мен басқарма құрылымын жетілдіру қажеттігі де көтерілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу, жауапты мамандардың өзара байланысын нығайту және атқарылатын іс-шаралардың нәтижелілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Аппараттық мәжіліс қорытындысында облыс әкімі жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдіктеріне ішкі саясат саласындағы жұмысты үйлестіруді күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерімен байланысты нығайту, ақпараттық-түсіндіру шараларының сапасын арттыру және өңірдің қоғамдық құндылықтарын кеңінен дәріптеу міндеттерін белгіледі.
Облыс басшысы тұжырымдамада көзделген бағыттарды қағаз жүзінде қалдырмай, нақты іске асырудың маңызын атап өтті. Осыған сәйкес, алдағы кезеңде ішкі саясат саласындағы бастамаларды жүйелі жүзеге асыру және олардың орындалуын бақылау жұмыстары жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
